МАҢҒЫСТАУДАҒЫ ПАЛЕОЛИТ ДӘУІРІНІҢ ТАС ҚҰРАЛДАРЫ (НУКЛЕУС)
DOI:
https://doi.org/10.59103/muzkz.2024.08.02Түйінді сөздер:
Маңғыстау, тас дәуірі, тарих, археология, палеолит, нуклеус, экспедиция, Үстірт, Шақпақ-ата, геология, қару-жарақАннотация
Аңдатпа. Мақала Маңғыстау облысы аумағындағы палеолит дәуіріне жататын тас құралдарға (нуклеустерге) арналған. Олардың көпшілігі облыстық тарихи өлкетану музейінің қорында сақтаулы. Автор археологиялық зерттеулердің барысында табылған нуклеустардың Маңғыстаудың орта және кейінгі палеолит дәуірлеріне жататыны туралы болжам айтады. Шебір тұрағынан табылып, музей коллекциясына берілген бес мыңнан аса нуклеустердің ортақ ерекшелігі – сопақ формасында келуі. Бұл еңбек құралдарының қолданыс аясының кеңдігі тобырлық адам санасының деңгейінің көрінісі деуге болады. Маңғыстау облысының географиялық орналасуына байланысты табиғат ерекшелігі тарихи-археологиялық ескерткіштердің көп жағдайда жақсы сақталуына үлкен әсер еткен. Маңғыстауда тас дәуіріне тиесілі нуклеустердің табылуы үлкен археологиялық олжа болғанымен, олардың зерттелу деңгейі әлі төмен. Облыс территориясындағы көне тас дәуірі артефактілерінің зерттелу дәрежесі орта, кейінгі тас дәуірлеріне қарағанда өте төмен деуге болады. Дегенмен бұл жағдай Маңғыстау жерін мекендеген адамдар тобырының пайда болу тарихы тас дәуірінен бастау алмайды деген сөз емес. Керісінше, орта және кейінгі тас дәуірлерін тереңірек зерттеп, оған дейін де тіршілік белгілері болған ежелгі тас дәуіріне деген қызығушылыққа ынталандырады.
Өткен ғасырдың 60-жылдары табылған нуклеустарды КСРО кезіндегі геологиялық зерттеу экспедициялары жинақтаған. Бұл материалдар болашақта барлық жиналған ақпаратты қамтитын зерттеу жобаларын жүзеге асыруға, талдаулар жасауға, оларды толықтыруға және түзетуге мүмкіндік береді. Табылған нуклеустардың көп мөлшерде болуы «Маңғыстау жерін мекен еткен адамдар тобыры 1 млн. жыл бұрын пайда болды» деген тұжырымдама жасауға мүмкіндік береді.