ҚАЗАҚТЫҢ БАЛА КӨТЕРУ, БОСАНУ ЖӘНЕ БАЛА ТӘРБИЕСІНЕ БАЙЛАНЫСТЫ ДӘСТҮРЛЕРІ (ӨЗГЕ ТҮРКІ ХАЛЫҚТАРЫ ДӘСТҮРЛЕРІМЕН САЛЫСТЫРУ АРҚЫЛЫ ТАЛДАУ)
DOI:
https://doi.org/10.59103/muzkz.2023.01.10Аннотация
Жұмыста көрсетілген этнорафиялық деректер еліміздің барлық аймағынан жинақталды. Қолданылған деректер негізінде қазақ халқының дәстүрлері жүйе болып жіктелді, ол әйелдің бала көтеруі, босануы мен бала тәрбиесіне байланысты үш негізгі кезеңді қамтиды: босануға дейінгі дәстүр, босану кезіндегі дәстүр, босанғаннан кейінгі дәстүр. Зерттеу барысында қазақ халқына тән бұл дәстүр көрші елдердің, атап айтқанда, Сібір мен Орта Азия аймағындағы түркі тілдес халықтарының дәстүріне ұқсайтыны анықталды. Аталған дәстүрлердің пайда болуымен қатар, семантикалық мазмұнына талдау жүргізілді. Мақаладағы жүкті әйелге қатысты дәстүрге жүргізілген сараптау жұмысы оның отбасындағы, қоғамдағы жағдайына тікелей ықпал еткенін және ықпал ететінін, дәрежесін көтеріп немесе деңгейін түсіретіні туралы сыни тұрғыдан талдау жасауға мүмкіндік береді.Материалдар мен зерттеу әдістері. Этнографиялық зерттеулерде босануға байланысты қазақтың әдет-ғұрыптары туралы мәліметтер өте сирек кездеседі, сондықтан мақала материалдары автордың жеке тәжірибесіне негізделген. Зерттеудің негізгі принциптері болып салыстырмалы тарихи әдіс қолданылды: әдет-ғұрыптар белгілі бір белгілерге байланысты зерттелді (әдет-ғұрыптың уақыты мен орны, қатысушылардың құрамы мен саны, әдет-ғұрыптың негізгі әрекеттері, әдет-ғұрыпта қолданылатын заттар, әдет-ғұрыптың мәні) және олардың негізінде тарихи дәйектілікте жалпы және ерекше белгілер анықталды. Сонымен қатар заңдылық әдісі: әдет-ғұрыпты дәстүрлі дүниетаным мен өмір формалары жүйесінің негізгі құрамдас бөлігі ретінде қарастыру.Жұмыс барысында әлемдік социологиялық және этнологиялық ғылымдарда кеңінен қолданылатын бақылау және қарым-қатынас тәсілі қолданылды. Сібір мен Орталық Азия халықтарының салт-дәстүрлерімен салыстыру арқылы қазақ халқының бала тууына байланысты салт-дәстүрлерін талдау олардың генетикалық және мәдени ортақтығын ажыратуға ықпал етті. Тақырыпты жаңа көзқараспен саралауда қазіргі кезеңде дамыған объективті-сыни талдау және сыни зерттеу принциптері негізгілері болды. Проблемалық-хронологиялық, Салыстырмалы-тарихи тәсілдер де қолданылды. Атап айтқанда, салыстырмалы деректерді жүйелеу этнографиялық топтың этникалық туыстық топпен қарым-қатынасын және оның ықпалының салдарын анықтауға негіз болды.